Массажёр креслосы, көзді тексеру: Павлодарда зейнеткерлер алдануда
Алаяқтардың ақшамен алдау сызбалары өзгеріп тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті соңғы кездері көзді тегін тексерту бойынша алаяқтық фактілердің жиілеп кеткені туралы ескертеді.
– Алаяқтар азаматтарға қоңырау шалған кезде өздерін бір компания өкілі ретінде таныстырып, тегін түрде көздің жанарын тексертуге шақырады. Олар тұрғындарға көзді тексерткеннен кейін массажер және тағы басқа тауарды сатып алуға мәжбүрлейді. Қысымға көнген зейнеткерлер несие ресімдеп, қалтадағы соңғы ақшаларын беруге дайын болады,– деді департамент басшысы Дәулен Қабдушев.
Үйге келіп, алаяқтарға алданған тұрғындар қате шешім қабылдағанын түсініп, департаментке шағыммен келеді. Жыл басынан бері екі азамат бір миллион теңгеге массаж жасайтын кресло алып, алаяқтардың арбауына түсті. Зардап шеккендердің өтінішінен кейін мәселе қарастырылып, ақша қайтарылды.
– Егер сатып алу сәтінен бастап 14 күн асып кетпесе және тауар пайдаланылмаса, онда тұрғын Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңының 14-бабына сәйкес тауарды 14 күн ішінде айырбастауға, қайтаруға құқылы,– деді Дәулен Қабдушев. – Мұндай жағдайларды болдырмау үшін күмәнді науқандар, ұсыныстарға сенбеуге ұсынамыз.
Департамент тұтынушыға сотқа дейінгі талап қоюды жіберуге ұсынады. Сатушылар ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңының 42-4-бабына сәйкес 10 күнтізбелік күн ішінде шағымға жауап беруге міндетті. Егер жауап тұтынушыны қанағаттандырмаса немесе мүлдем берілмесе, онда департаментке жазбаша өтініш беріледі.