Майқайыңдағы жаңа өнер мектебі жыл соңына дейін ашылады
Жаңа ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін балаларға арналған қосымша бағыттар ашылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданына жұмыс сапары барысында Майқайың кентінде салынып жатқан балалар өнер мектебінің құрылысымен танысты.
Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, бұрынғы өнер мектебі 1970 жылы салынған және апатты жағдайда болған. Ескі ғимарат толық бұзылып, оның орнына жаңа нысан салынып жатыр.
Құрылыс биыл маусым айында басталған. Жаңа мектепті желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 2,3 миллиард теңге. Ғимараттың ауданы 1820 шаршы метрді құрайды.
Қазір Майқайың кентінде 1423 оқушы бар. Оның 250-і өнер мектебінде білім алады. Мұнда тоғыз бағыт жұмыс істейді.
– Жаңа ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін қосымша жеті бағыт ашылады. Жалпы саны 16-ға жетеді. Мектеп 500 балаға арналған, – деді Ардақ Кісентаев.
Жаңа бағыттардың қатарында жетіген, аккордеон мен баян, саксофон, гитара, қобыз бен қылқобыз, акробатика және робототехника бар. Жаңа ғимарат іске қосылғаннан кейін тағы жеті педагог пен жеті техникалық қызметкер қабылданып, 14 жаңа жұмыс орны ашылады.
Өнер мектебінде 200 шаршы метрлік акт залы қарастырылған. Оның 70 шаршы метрі сахнаға, 130 шаршы метрі көрермендер залына арналған. Екінші қабатта оқу кабинеттері орналасады.
Нысан музыкалық аспаптармен, жиһазбен және қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Мектеп аумағы қоршалып, автотұрақ салынады. Сондай-ақ балалардың жаз мезгілінде өнер көрсетуіне арналған ашық алаң қарастырылған.
Облыс әкімі нысанды биыл аяқтауды тапсырды.
– Мынаны биыл аяқтаңыздар. Бәрін бір жылда қаражатпен қамти алмаймыз. Балалардың болашағына қажетті нысандарды ретімен, жоспармен жасау керек, – деді Асайын Байханов.
Өңір басшысы Майқайыңдағы жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда осындай заманауи өнер мектептерін басқа аудан орталықтарында да салу тәжірибесін қарастыруды ұсынды.
Жұмыс сапары барысында Павлодар қаласында да Майқайыңдағыдан үлкен қосымша білім беру және өнер мектебін салу мүмкіндігін пысықтау жөнінде тапсырма берілді.