Май ауданында халық әртісі Шахан Мусиннің мерейтойы өтеді
Онда ұлттық спорттан түрлі сайыстар ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасының халық әртісі, ақын, театр және кино актері, Май ауданы Ақжар ауылының тумасы Шахан Мусиннің 110 жылдығына арналған мерейтой 27-30 қыркүйек күндері өтеді.
- Өнер иесінің құрметіне орай Көктөбе ауылында 10 киіз үй тігіліп, этноауыл бой көтеріп, ұлттық өнерді дәріптеу жоспарлануда. Мерейтой қарсаңында 27-29 қыркүйек күндері Кеңтүбек ауылында cағат 08.00-18.00-де «Көкпар» ұйымдастырылады. Оған ауданішілік командалар қатысады, - делінген хабарламада.
Ал 30 қыркүйек күні іс-шара Көктөбе ауылында сағат 10.00-ден басталады. Оның ішінде «Халық үшін туған өр тұлға» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді. Онда Шахан Мусин туралы мақалалар жиынтығы және кітаптың тұсау кесері, қолөнершілердің жәрмеңкесі келушілер назарына ұсынылады.
Бұдан бөлек, сағат 10.00-де Ұлттық спорт түрлерінен жарыс –«Қазақ күресі» (түйе палуан 90+), «Қошқар көтеру» жоспарланған.
Басты сахнада сағат 11.30-де Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әртістерінің концерті, сағат 14.30-да Ұлттық спорт ойындары «Көкпар» (аудан ішілік командалар) ойынының финалы, Кеңтүбек ауылында «Аламан бәйге» өтеді.