Май ауданында лагерь тәрбиеленушілері тарихи орындарды аралады
Қалмаққырылған тауы жас демалушыларға ерекше әсер қалдырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл Май ауданының Көктөбе ауылы маңында орналасқан «Ақжелкен» сауықтыру орталығында демалып жатқан жеткіншектердің әр күні танымдық кездесулерге, саяхаттарға және есте қаларлық сәттерге толы.
Мекеменің жазғы бағдарламасы бос уақытты мазмұнды ұйымдастырып қана қоймай, жас буынның туған өлкенің өткені мен мәдени мұрасына қызығушылығын арттыруды көздейді. Сол себепті демалушылар аудан орталығындағы мәдени нысандарды аралап, маңызды тарихи мекендерге барып жүр.
Балалардың назарын ерекше аударған бағыттардың бірі – Ақшиман ауылының маңындағы Қалмаққырылған тауына жасалған сапар. Тарихи мәні зор жерде олар өңір шежіресімен танысып, бұрын беймәлім болған көптеген деректерге қанықты.

Қалмаққырылған тауы – Павлодар облысы, Май ауданында (Ақшиман ауылына жақын) орналасқан, ұзындығы 17 км, ені 10 км болатын табиғи гранитті тау. Бұл жер жоңғар-қазақ ұрысы өткен тарихи орын ретінде белгілі және қазіргі уақытта арқарлар мекендейтін табиғи аймақ болып саналады.
Аудандық оқушылар үйінің басшысы Софья Сәбитованың айтуынша, бұл сапар жасөспірімдердің туған жер тарихын тереңірек тануына, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтардың маңызын ұғынуына мүмкіндік берген.
– Танымдық жұмыстармен бірге оқушылардың сергіп демалуына да жағдай жасалған. Жеткіншектер заманауи бассейнде уақыт өткізіп, түрлі су ойындарына қатысады. Мұндай демалыс түрі олардың көңіл күйін көтеріп, сүйікті ісіне айналды, – дейді ол.

Бұдан бөлек, мұнда шығармашылық және зияткерлік бағыттағы бағдарламалар жүйелі түрде өткізіледі. «Алақан іздері», «Бағдаршам» сияқты ойындар балалардың ойлау қабілетін жетілдіріп, ұжыммен әрекет ету дағдыларын нығайтады.
Қазір сауықтыру орталығында 49 бала демалуда. Ал оның жалпы сыйымдылығы 54 орынға арналған.
– Алғашқы күннен бастап тәрбиеленушілерге қауіпсіздік талаптары жан-жақты түсіндірілді. Барлығы лагерь ішкі тәртібін сақтау жөнінде ант қабылдады. Саяхаттар мен көшпелі шаралар кезінде оқушылар ұстаздар мен тәлімгерлердің бақылауында болады, – деді мекеме басшысы.
Алдағы күндері бағдарлама аясында спорттық жарыстар, түрлі тренингтер, тарихи-танымдық квесттер мен жорықтар ұйымдастырылмақ. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар жасөспірімдердің жазғы уақытын пайдалы өткізуіне әрі туған өлкеге деген құрметін күшейтуге ықпал етеді деп санайды.
Осылайша, «Ақжелкен» сауықтыру орталығындағы әрбір күн оқушылар үшін жаңа білімге жол ашып, достық қарым-қатынасты нығайтып, жарқын естеліктер сыйлауда.