Мейрамханадағы улану: павлодарлық санитарлық дәрігерлер тексеріс жүргізуде

Қазіргі уақытта адамдар жаппай уланған мекеменің жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға 7 маусымда орын алды. Келесі күні іш өту, құсу және дене қызуының көтерілуі белгілерімен 34 қонақ жедел жәрдем шақырған. 20 адам жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды, қалғандары үй жағдайында емделуде. Ішек инфекциясын тіркеген дәрігерлер бұл туралы санэпидстанцияға бірден хабарлаған.
Сараптамаға сарқыттар, сондай-ақ мейрамхананың суынан, азық-түліктен, шикізат пен құрал-жабдықтардан сынамалар алынды. Ал қызметкерлер дизентерия, сальмонеллез және стафилококкты тасымалдауға тексерілді. Жеті жұмысшыны медициналық тексеруден өтпегендіктен, жұмыстан шығаруға тура келді.
Әзірге алдын ала бактериялық ішек инфекциясы диагнозы қойылған. Алғашқы нәтижелер келесі аптада дайын болады.
– Құжаттарды тексере келе, мейрамхананың санитарлық-эпидемиологиялық сертификаты жоқ екенін анықтадық. Осыған байланысты аталған мекеменің қызметіне тыйым салу туралы қаулы шығарылды. Тыйым мейрамхананың нысанның сәйкестігін растайтын санитарлық сертификат алғанға дейін күшінде болады, – деп қосты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Ақылбекова.
Десе де, мекеме қонақтардың жаппай уланғанын біліп, банкеттерді өткізуді жалғастыруда.
– Кәсіпкер осыған өзі жауапты. 8 маусымнан бастап қызметке тыйым салу туралы қаулы алғанымен, оны орындауға міндетті. Полиция және прокуратурамен бірлесіп шара қолданамыз, – деп жауап берді басшының орынбасары.
Сараптама нәтижесі мейрамхананың тағамында инфекция барын көрсетсе, материалдар автоматты түрде құқық қорғау органдарына жіберіліп, қылмыстық іс қозғалады. Өткен жылы осындай жағдайлар Екібастұз бен Павлодарда тіркелген.
Еске сала кетейік, бұған дейін облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде қыз ұзатуға келген қонақтардың уланғанын жазған едік.