Мойылды ауылында экологиялық технологияны қолдайтын мәдениет үйі ашылды
Нысанда сұйытылған газбен жұмыс істейтін қазандық орнатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мойылды ауылында белгілі халық әртісі, режиссер Кәукен Кенжетаевтың есімі берілген мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Асайын Байханов қатысты. Аймақа басшысы ауыл тұрғындарын құттықтап, жаңа әлеуметтік нысандарды салу және қолданыстағы әлеуметтік нысандарды жаңарту ауыл тұрғындары үшін жайлы жағдай жасаудың тағы бір қадамы екенін атап өтті.
– Мәдениет үйін салу мәселесін ауыл тұрғындары 2019 жылдан бастап кездесулерде көтеріп келді. Ауылдың шығармашылық ұжымдары дайындықтарын санаторийде немесе мектепте өткізуге мәжбүр болды. Биылғы жылы жоба «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылды. Көптеген жылдар бойы күткен мәдениеттің жаңа ошағы тартымды орталыққа, жақсы демалыс орнына айналуына тілектеспін, – деді облыс әкімі.
Ауданы 1500 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимаратта тұрғындардың бос уақыттарын өткізуге және шығармашылықпен айналысуына барлық жағдайлар жасалған: 300 орындық концерт залы, үйірмелер кабинеттері, көркемөнер, үлкен хореография залы бар. Аталмыш мекеменің ерекшелігі сұйытылған газбен жұмыс істейтін қазандық болды. Бүгінгі таңда бұл өңірдегі осындай экологиялық технологияны қолданған алғашқы әлеуметтік нысан.
Кәукен Кенжетаев атындағы мәдениет үйінің директоры Перизат Құрманәліқызының сөзінше, бұған дейін ауылда мәдениет үйі болған емес.
–Біздің қуанышымызда шек жоқ. Ақ түйенің қарны жарылған күн десек болады, себебі сонша жылдар бойы күткен мәдениет ошағы қолданысқа берілді. Осыған дейін ешқашан мәдениет үйі болмаған, сондықтан да, жасөспірім, балалар, ересектеріміз болсын, баршасы осы мәдениет үйінің ашылуын қатты күтті,– деді Перизат Құрманәліқызы.
Ал Мойылды ауылы ардагері төрағасының орынбасары Сания Галимова мәдениет үйі болмаған кездерін еске түсіріп, жаңа ғимаратты тұрғызған адамдарға алғысын білдіді.
–Біз бұрындары мектепте, балабақшада, әкімдікте жиналушы едік. Енді осындай кереметтей мәдениет үйінде зейнеткерлер бас қосып, кездесулерді ұйымдастыратын боламыз. Егер былтыр Мойылды шипажайына 100 жыл толды. Ал ауылдың өзі одан ерте уақытта құрылды, – деді зейнеткер.
Жаңа мәдениет үйінің алғашқы көрермендеріне Республика күні қарсаңында Естай атындағы мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары концертттік бағдарлама ұйымдастырды.