Нұрлыбек Нәлібаевқа Екібастұздағы металлургиялық кластердің жобасы таныстырылды
Бұл шикізаттан бастап дайын металл өніміне дейінгі толық өндірістік циклды құруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев
Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында Railways Systems KZ тобының кәсіпорындарына барып, отандық теміржол машиналарын жасау саласының дамуымен және теміржол өнімдерін өндіру жобаларының жүзеге асырылуымен танысты.

Railways Systems KZ холдингінің бас директоры Сергей Павлингердің айтуынша, жылына бір миллион тонна болат өндіретін болат құю зауыты мен ыстық брикеттелген темір шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр. Жобаларды іске асыру шикізаттан бастап дайын металл өніміне дейінгі толық өндірістік циклды құруға мүмкіндік береді. Өнім ішкі нарыққа да, экспортқа да бағытталады.
– Мемлекет басшысы ешкімге тәуелді емес, экспортқа бағытталған толыққанды суверенді өнім жасау міндетін қойды. Біз бүгінде дәл осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – деді Сергей Павлингер.
Болат құю кешені әртүрлі металл өнімдерін шығарады. Олардың қатарында рельс дайындамасы, дөңгелек илек, швеллер және вагон мен машина жасауда қолданылатын басқа бұйымдар бар.

Ыстық брикеттелген темір өндіретін кәсіпорын болат балқыту өндірісі үшін жоғары сапалы шикізат шығаруды қамтамасыз етеді және ыстық шикізатты тікелей балқыту процесінде пайдалану есебінен металлургиялық кешеннің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Нұрлыбек Нәлібаев бұл бастаманы қолдап, үш мәселеге басымдық беру қажеттігін айтты. Қазақстандық үлесті арттыру, отандық өндірушілерді ұзақ мерзімге тапсырыспен қамту және жоғары құнды өнім өндірісін кеңейту.
– Сонымен қатар, компания жіксіз құбырлар жасау үшін үздіксіз құйылған дайындама өндірісін құруды жоспарлап отыр. Мұндай өнім жылу энергетикасында, химия өнеркәсібінде сұранысқа ие, – деп жалғастырды холдинг басшысы. – Алдағы уақытта кәсіпорын атом энергетикасына арналған арнайы тораптар мен метал конструкцияларды шығаруды да меңгермек.
Сергей Павлингердің сөзінше, жобаларды іске асыру ауқымды әлеуметтік бағдарламаны да қарастырады. Болашақ қызметкерлер үшін корпоративтік тұрғын үй, қонақ үй, балабақша және колледж салу жоспарда тұр. Компания кадрларды даярлау мәселесін шешіп, жұмысшыларды заманауи әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Холдинг басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда Павлодар облысы басшылығының қолдауын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, облыс әкімдігі теңдессіз қолдау көрсетуде. Атап айтқанда, металлургиялық кешен құрылысы үшін жер учаскесін бөлу мәселесін жедел шешкен. Бұл жобаны белгіленген мерзімде әрі қарай іске асыруға мүмкіндік берді.

Кәсіпорынды аралау қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев бейінді министрліктерге, «Самұрық-Қазына» АҚ-ға, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға, даму институттарына және басқа да мүдделі ұйымдарға 2035 жылға дейін теміржол жылжымалы құрамын өндіру және жеткізу бойынша ұзақ мерзімді жоспарды бекітуді, отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауды тапсырды.