Жалпы Екібастұзда 40 шақырымнан астам жылу желілерін жөндеу жоспарланған
22 сәуірде кеншілер қаласында жылу беру маусымы аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгін аймақ басшысы Екібастұзда жылу желілерін жөндеу бойынша басталған жұмыстарды тексерді.
Қалада 24 сәуірде «Екібастұзжылуэнергиясы» ЖШС желілердің неғұрлым осал учаскелерін анықтау үшін гидравликалық сынақтар басталды. Қазірдің өзінде 119 ақау анықталып, оның 25 учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгін өңір басшысы құбырларды ауыстырып жатқан 4 учаскеде болып, жөндеу жұмыстарына жауапты «Grappa-Stroy» ЖШС өндірістік базасына барды. Мердігер ұйым материалдар мен қажетті жабдықтар жеткілікті деп сендірді.
Жалпы Екібастұзда 40 шақырымнан астам жылу желілерін жөндеу жоспарланған. Әбден тозығы жеткен құбырлар толығымен ауыстырылады. Жұмыстарды 25 бригада жүргізуде және 10 маусымға дейін аяқтауға уәде берді.
- Сапалы жұмыс кезінде ыстық судың болмау мерзімін 10 маусымға дейін қысқарту үшін әрбір учаске бойынша нақты, бекітілген жоспарымыз бар. Сол жоспар бойынша жұмыс жасау керек. Сондай-ақ, ПИК-тер алдағы жылу беру маусымына үйлердің дайындығын бақылауы тиіс, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев