«ÖzgerTeam»: Павлодарда көпбалалы студент ана тегін білім беру орталығын ашпақ
Жоба көпбалалы және әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларының балаларына арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жуырда республика көлемінде «ÖzgerTeam» ұлттық бастамасы іске қосқан әлеуметтік жобаның алғашқы серіктестерінің қатарында павлодарлық жастар да бар. Олар – көп балалы ана, Торайғыров университетінің студенті Жұлдыз Хавдраш, Екібастұз қалалық мәслихат депутаты Еркін Құсманұлы.
Жастар Астана қаласындағы «ÖzgerTeam» ұлттық бастамасының жобалық кеңсесінде аймақтық серіктестерге арналып ұйымдастырылған оқыту бағдарламасына қатысып, 4-5 күн бойы қоғамдағы оң өзгерістерге бағытталған жобаларды әзірлеу және оны тиімді іске асыру бойынша қосымша білім алып келген. Енді ойға алған жобаларын жүзеге асыру арқылы қоғам дамуына үлес қосуды көздеп отыр.
Жұлдыз Хавдрашт «ÖzgerTeam» жобасы арқылы көпбалалы және әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларының балаларына арналған тегін әрі сапалы білім беретін оқу орталығын ашқысы келеді.
– Мен бұл жобаның Павлодар облысындағы серіктесі атанғанына өте қуаныштымын. Алдыма үлкен мақсат-міндеттер қойдым. Шыны керек, бүгінде қосымша ақылы оқу орталықтарында баласын оқытуға кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Әсіресе, аз қамтылған отбасының балалары үшін мұндай курстарға бару қол жетпес арманға айналған десем, қателеспеспін, – дейді Жұлдыз Хавдраш.
Оның мақсаты – өз жобасы арқылы әлеуметтік теңсіздікті жойып, ақылы білім алуға жағдайы келмейтін барлық отбасының балаларына, «оқимын, өсіп-өнемін» деген білімге құштар жеткіншектерге қолдан келгенше көмектесу.
Сондай-ақ, ол Астана қаласында өткен өңірлік серіктестерге арналған курстан үлкен тәжірибе алып келгенін айтып, өз әсерімен де бөлісті.
– Аталмыш курс барысында өте пайдалы білім алдым. Көзім ашылды десем де болады. Ел жастарын патриотизмге, береке-бірлікке шақырып, шығармашылық дамуға және қоғамдағы оң өзгерістерге ұмтылуға бағытталған бағдарламаларды іске асыруға жол көрсететін тренингтерге, шеберлік сыныптарына қатыстым. Бәрі жоғары деңгейде өтті, – дейді Жұлдыз Хавдраш.
Сондай-ақ, ол еліміздегі белгілі адамдар, әр саланың көшбасшылары және ең үздік сарапшылармен танысып, пікір алмасып, жұмыс тәжірибелерінен сабақ алған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «ÖzgerTeam» жобасының өңірлік серіктестерін іріктеу конкурсына еліміздің түкпір-түкпірінен 18-40 жас аралығындағы 532 үміткер қатысып, арнайы комиссияның шешімімен 30-ы ғана сыннан сүрінбей өткен.
Атап өтерлігі, «ÖzgerTeam» ұлттық бастамасының келесі кезеңі ағымдағы жылдың 20-25 желтоқсаны аралығында ұйымдастырылып, өңірлік серіктестер өздерінің әлеуметтік жобаларын қорғайтын болады. Яғни, осы кезеңде серіктестер тарапынан ең үздік атанып, сәтті қорғалған 20 жобаны іске асыру үшін шағын гранттар тағайындалмақ. Ал арнайы гранттарға ие болған жобалар 2024 жылдың қаңтар айынан бастап іске асырылады деп жоспарлануда.