Павлодар ауданында ашық аспан астында патриоттық әндер шырқалды

Павлодар ауданында ашық аспан астында патриоттық әндер шырқалды
Фото: Павлодар ауданы әкімдігінен

Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мерекелік концерт Заңғар ауылындағы саябақта өтіп, оған күштік құрылым өкілдері, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері, аудан тұрғындары мен жастар қатысты.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын салтанатты түрде алып шығу және Әнұран орындаумен басталды. Мерекеде ел қауіпсіздігін күзетіп, қоғамдық тәртіпті, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға алғыс пен құттықтау сөздер арналды.

Шара барысында сөз сөйлегендер Отан қорғаушылар күні – патриотизмнің, ерліктің және елге адал қызмет етудің символы екенін атап өтті. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының, құтқару қызметтерінің және күнделікті еңбегімен мемлекеттілікті нығайтуға әрі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген азаматтардың рөліне ерекше назар аударылды.

Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев салтанатты жиында түрлі салада үздік шыққан қызметкерлер мен мамандарды марапаттады.

Мерекелік көңіл күй концерттік бағдарламамен жалғасты. Шарада ауданның шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары, сондай-ақ арнайы шақырылған «Saryarqa» триосы мен «Нұр би» би ансамблі өнер көрсетті. Көрермендер патриоттық әндер, хореографиялық қойылымдар және ерлік, батырлық пен Отанға деген сүйіспеншілікке арналған музыкалық нөмірлерді тамашалады.

Ұйымдастырылған шара Отан қорғаушыларға деген құрметтің, патриоттық құндылықтарды нығайтудың және ұрпақтар сабақтастығының тағы бір айқын көрінісіне айналды.

Сонымен қатар ашық аспан астындағы мерекелік формат аудан тұрғындарының оң бағасына ие болды. Аудан басшылығы алдағы уақытта да ауылдарда осындай форматтағы мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Бұл бастама ерекше мерекелік атмосфера қалыптастырып, тұрғындардың бірлігін нығайтуға және ауданның қоғамдық-мәдени өміріне белсенді араласуына ықпал етеді.