Павлодар еңбек нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Қалалық мансап орталығында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оған 21 кәсіпорын 260-тан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Жалпы 317 жұмыс іздеуші қатысты. Әсіресе жүргізушілерге сұраныс басым.
– Бүгінгі күні жұмыс орындарына жүргізушілер, жүк тиеушілер, қара жұмысшылар, тазалушылар, бухгалтерлер сұранысқа ие. Сонымен қатар, өзен портына матростар қажет, – дейді орталықтың директоры Сүйіндік Бутенов.
Маманның айтуынша, орталық тек жұмыс беруші мен жұмыс іздеушілерді байланыстырады. Жұмыс іздеуші қызығушылық танытқан жағдайда өзі жұмыс берушімен келісіп, жұмысқа орналасуға өтініш береді.
Айта кетейік, жұмыс іздеуші азаматтарға Еңбек министрлігі тарапынан азаматтарды жұмыспен қамтудың үш негізгі тәсілі қолданылады. Ең алдымен азаматтарды тұрақты жұмысқа жіберу барысы жолға қойылған. Бұл әрбір азаматқа лайықты тұрақты жұмыс ұсыну, ал тәжірибесі болмауына немесе қажетті дағдыларын қалыптастыруға қажеттілік болған жағдайда мемлекеттен субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына жолдау көзделген.
Белсенді шаралардың келесі тәсілі – жұмыс берушінің ұсынысына сәйкес тиісті дағдыларды қалыптастыруға бағытталған қысқа мерзімді оқу курстарына жолдау қарастырылған. Сондай-ақ, әрбір азамат өзіне қажетті оқу курстарына тегін негізде Skills enbek порталында да қол жеткізе алады.
Бұдан басқа, жалдамалы жұмыс істеуді қаламайтын, өз кәсіпкерлік қызметімен айналысқысы келетін азаматтарды қолдауға бағытталған 1,5 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік қайтарымсыз грант беру және жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған 2,5 пайыздық жеңілдетілген шағын кредиттер беру жұмыстары жолға қойылған. Аталған қызметтердің барлығы онлайн түрде enbek.kz электронды еңбек биржасы порталында қолжетімді. Порталдың мобильді қосымшасы да бар.