Павлодар көшелерінде жазда петуния мен барқытгүл жайқалады

Павлодар көшелерінде жазда петуния мен барқытгүл жайқалады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көшелерге гүл егу жұмысы басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді. 

- Қала көшелеріне гүл егу науқаны 3 мамырдан басталды. Биыл облыс орталығындағы 27 учаскеде жалпы көлемі шамамен 30 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылады деп жоспарлануда. Көшелер мен қоғамдық кеңістіктерге петуния, барқытгүл және өзге де сәндік өсімдіктер егіледі. Қазіргі таңда мердігер ұйым анықталып, жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде, - деді ол.

Шаһар басшысының айтуынша, көгалдандыру шараларын мамыр айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Гүл отырғызу жұмыстары биолог мамандардың бақылауымен жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, қала аумағында 5 мыңға жуық көпжылдық өсімдік бар. Олар қазір көктей бастаған.

Қалалық қызметтерге жасыл желектерді күтіп-баптау, уақытылы суару және тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.