Павлодар облысына бір триллион теңгеден астам инвестиция тарту жоспарлануда

Павлодар облысына бір триллион теңгеден астам инвестиция тарту жоспарлануда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жүзге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып, өндіріс көлемі артып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 1,28 триллион теңге инвестиция тартылып, өсім 147 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өңірге республика бойынша екінші орын алуға мүмкіндік берді. Биылғы жоспар – 1,4 триллион теңге. 

Қазіргі уақытта өңірде 85 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

– Индустриялық дамудың негізгі алаңы – «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы. Мұнда 39 кәсіпорын тіркелген, оның 23-і өнім өндіруде. Кәсіпорындар 117 түрлі өнімді 11–12 елге экспорттайды. Ірі жобалардың бірі – «Ертіс» гидрометаллургиялық комбинаты. Жоба іске асқанда жылына 15 тонна алтын өндіру және 500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, – делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар өңірдің индустриялық әлеуетін күшейтіп, Павлодарды ірі өндірістік орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.