Павлодар облысында қорықтардағы қызмет сатыла ма?
Мұндай рұқсатты көрші облыс алып үлгерген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұзда өткен брифингте Абай облысындағы ірі өрттен кейін экология министрлігінде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын министр Зульфия Сүлейменова айтып берді.
Оның айтуынша, ең көп сұрақ «Семей орманы» резерватындағы мамандардың жалақысын көтеруге қатысты болған.
- Өкінішке қарай, дәл қазір олардың жалақысын көтеруге арналған жеке бюджеттік бағдарлама жоқ. Біз орман шаруашылығы кәсіподақтарымен осы мәселені пысықтап, биылғы жылы жалақыны 70 пайызға көтеру жоспарын жасадық, - деді министр.
Орман шаруашылығының қаржылық жағдайын жақсартудың тағы бір мүмкіндігі тауарлар мен қызметтерді сатудан түсетін қосымша табыс болып табылады.
- Басқа ұлттық саябақтарға мұндай рұқсат әзірге берілген жоқ. Бірақ Семей орманында Абай облысындағы соңғы қайғылы оқиғаны ескере отырып, олардың табыс табу жолдары туралы нұсқау беріп қойғанбыз, - деді Зульфия Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, барлық мәселелер бойынша қосымша кеңес алу үшін экологиялық реттеу және бақылау комитетінің мамандары Семей орманына жіберіледі.
Бұған дейін павлодарлық қорықшылардың жалақысы бір жарым есеге көтерілетіні белгілі болған. Үкіметтің тиісті қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.