Павлодар облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясының құрылысы басталды

Павлодар облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясының құрылысы басталды
Фото: Валерий Бугаев

Өңірде ірі энергетикалық жобаның іске қосылуына орай «уақыт капсуласы» салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстандағы ең ірі энергетикалық жобалардың бірі – қуаты 1 ГВт болатын, энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған жел электр станциясы Шідерті ауылының маңында салынады.

Іс-шараға ұлттық компаниялар мен халықаралық серіктестердің өкілдері қатысып, олардың бір бөлігі бейне-конференция арқылы қосылды.

Жобаны инвесторлар – «Самұрық-Энерго» және Qazaq Green Power PLC компаниялары таныстырды. Салтанатты жиында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь құттықтау сөз сөйледі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бұл жобаның стратегиялық маңызын атап өтті.

– Жобаның құны 1,2 миллиард АҚШ долларынан асады және өңірдегі ең ірі инвестициялық жобалардың қатарында. Құрылыс кезеңінде 1000 астам жұмыс орны ашылады, ал пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 50 тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл Павлодар облысы үшін де, бүкіл ел үшін де маңызды қадам, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі атап өткендей, Павлодар облысы еліміздің негізгі энергетикалық орталықтарының бірі саналады. Мұнда өндірілетін электр энергиясы Қазақстан көлемінің шамамен 40%-ын құрайды. Өңірде Екібастұз энергетикалық торабы секілді ірі қуат көздері шоғырланған.

Жаңа жоба «жасыл» экономикаға көшу бағытындағы маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар инвесторлар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту үшін 25 жыл бойы жыл сайын 200 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлуді жоспарлап отыр.

Жел электр станциясының іске қосылуы Павлодар облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.

Іс-шара барысында халықаралық серіктестер де сөз сөйлеп, жобаның маңызын атап өтті. Салтанатты бөлім «уақыт капсуласын» салу рәсімімен аяқталды.