Павлодар облысында «Үздік 100 студент» конкурсының өңірлік кезеңі басталды
Соңғы үш жыл ішінде жеңімпаз атанған студенттер мен бітіруші курс түлектеріне қатысуға шектеу қойылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қазақстан Республикасы колледждерінің Үздік 100 студенті» республикалық конкурсының өңірлік кезеңі басталды.
Іріктеу барысында қатысушыларға бірқатар талаптар қойылады.
– Үміткер бітіруші курста (3 немесе 4 курс) оқымауы тиіс. Сондай-ақ соңғы үш жылда конкурс жеңімпазы атанған студенттер қайта қатысу құқығынан айырылады, – деді ұйымдастырушылар.
Бағдарламаға Павлодар облысын қоса алғанда, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі колледж студенттері қатыса алады. Үміткерлер алты негізгі бағыт бойынша бағаланады:
- «Қоғам белсенділері» – еріктілер мен студенттік өзін-өзі басқару мүшелері;
- «Кәсіби мамандар» – WorldSkills және кәсіби шеберлік байқауларының қатысушылары;
- «Зияткерлер» – ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жүлдегерлері;
- «Белсенді жастар» – мемлекеттік жастар бағдарламаларына қатысушылар;
- «Өнерлі студенттер» – шығармашылық ұжым мүшелері;
- «Инноваторлар» – стартап және инновациялық жоба авторлары.
Өңірлік кезеңге арналған материалдар 19 маусымға дейін қабылданады.