Павлодар облысында Antinarko.kz цифрлық сервисі іске қосылды
Ол жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында ақпараттық портал, жасанды интеллект және анонимді кеңес алу мүмкіндіктерін біріктіретін Antinarko.kz цифрлық сервисі іске қосылды. Өңірде әзірленген жоба алдағы уақытта Қазақстанның басқа облыстарында да енгізілуі мүмкін.
Сервис жасөспірімдерге, ата-аналарға, педагогтерге және есірткіге тәуелділіктің алдын алу, психологиялық қолдау, қауіпсіз мінез-құлық және қажетті көмек алу мәселелері бойынша ақпарат іздейтін азаматтарға арналған. Жүйені пайдалану үшін аты-жөнін, телефон нөмірін немесе басқа да жеке деректерді көрсету талап етілмейді.
- Бұл салада 12 жылға жуық жұмыс істеп келемін. Алты жыл бұрын осындай ақпараттық сервис құру идеясы пайда болды. Адам қажетті ақпаратты жылдам тауып, қайда жүгіну керектігін түсінуі маңызды. Қазір жоба Павлодар облысынан басталды, ал болашақта оны республиканың барлық өңірлеріне қолжетімді етуді жоспарлап отырмыз, — деді Павлодар облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирина Темірғалиева.
Сервистің жасанды интеллект модулі көлемі 100 мың беттен асатын білім базасы негізінде оқытылған. Оның құрамына нормативтік, әдістемелік, профилактикалық және психологиялық материалдар, есірткіге тәуелділік, жасөспірімдер арасындағы тәуекелдер, отбасылық қарым-қатынас және жақындарға қолдау көрсету жөніндегі ақпарат енгізілген.
- Ақпараттық порталға жасанды интеллект енгізуді ұсындық. Кейін жүйені оқытып, тестілеуден өткіздік. Мақсатымыз — оның сұрақтарға дұрыс жауап беріп, адамды қажетті ресурсқа бағыттауы. Біздің командамыз толығымен павлодарлық мамандардан тұрады, сайттар әзірлеумен және жасанды интеллект енгізумен айналысамыз, — деді «All Service Plus» ЖШС әзірлеушілер тобының жетекшісі Николай Ковтунов.
Сервисте ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған ақпарат пен түрлі қауіпті жағдайларда өзін қалай ұстау керектігі туралы ұсынымдар да бар. Ал құқық бұзушылық туралы хабарлау қажет болған жағдайда пайдаланушы өңірде жұмыс істейтін анонимді «Көлеңкелі қаһарман» Telegram-ботына өте алады.
Antinarko.kz қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Көру қабілеті төмен азаматтарға да пайдалануға бейімделген. 21 қыркүйекте іске қосылғаннан бері ресурсқа 227 бірегей пайдаланушы кірген. Ақпараттық және жаңалық материалдары шамамен 167 рет қаралған, ИИ-модульге есірткі граффитиінің орналасқан жері бойынша 20 және профилактика мен психологиялық қолдау мәселелері бойынша 40 сұраныс түскен.
Ирина Темірғалиеваның айтуынша, алдағы уақытта сервистің мүмкіндіктерін кеңейтіп, оны білім беру ұйымдарымен интеграциялау және Қазақстанның басқа өңірлерінде қолдану жоспарланып отыр. Сондай-ақ жазасын өтеп шыққан азаматтарға қоғамға қайта бейімделу және қайталама құқық бұзушылық тәуекелдерін төмендету мәселелері бойынша қажетті ақпарат ұсыну көзделген.