Павлодар облысында азаматтарды жұмыспен қамти алмаған әкімдер ескерту алды

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша үш ауданның көрсеткіштері төмен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста өңірлік жұмыспен қамту картасының есепті кезеңге іске асырылу барысы талқыланды.
Биыл мемлекеттік және жеке жобалар шеңберінде 25,5 мың жұмыс орнын құру, оның ішінде тұрақты жұмыс орнына 18,6 мың адамды орналастыру жоспарланған. Бұл туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Самал Қадырова мәлім етті.
– Бүгінде 5 671 адам жұмысқа орналастырылды немесе жоспардың 22,2%-ы орындалды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 1920 адам тұрған. Алайда, 5671 жұмыспен қамтылғандардың міндетті зейнетақы жарналары және электронды келісімшарттары 4127 адамда немесе 72,7%-да ғана бар екендігі портал арқылы айқындалды, – деді Самал Қадырова.
Инфрақұрылымдық жобалар бойынша жыл басынан бері 35 жобаны іске асыру басталды, оның ішінде 10 жоба негізінде 176 жұмыс орны құрылды. «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру» көрсеткіші бойынша орындалу небәрі 6,5%-ды немесе 487 жұмыс орнын құрап отыр. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 784 жұмыс орнына төмен.
– Тәжірибеде көрсеткендей, осы бастама бойынша жұмыс орындарының 60-65%-ы екінші жартыжылдықта құрылады. Бүгінгі таңда тек Павлодар қаласы мен Ертіс ауданында облыстық көрсеткіштен жоғары. Аққулы, Тереңкөл және Май аудандарында орындалуы төмен, – деді Самал Қадырова.
Аймақ басшысы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткішін орындамаған аудан әкімдеріне босаңсымай, жоспарды орындауға атсалысу керектігін ескертті.
– «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» – Мемлекет басшының барлық деңгейдегі әкімдердің алдына қойған тікелей тапсырмасы. Бұл тапсырманы орындамау әкімдердің жұмыстарының іс жүзінде мүлдем жоқтығын білдіреді. Май, Аққулы, Тереңкөл аудандарында бұл көрсеткіш орындалмаған. Уақыт бар деп созып, ауырдың үстімен жеңілдің астымен жүрмеңіздер. Ертеңгі күні көрсеткіш орындалмайтын болса, сіздерді қатаң жауапкершілікке тартамыз, – деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ, Асайын Байханов басқа да көрсеткіштері төмен Железин, Ертіс, Ақтоғай аудандарына жұмыс сапарымен бармақ. Мамыр айының ортасына дейін Железин ауданында арнайы жұмыс кеңесін өткізіп, жауапты бөлім басшыларының есебін тыңдайтын болады.