Павлодар облысында екі мыңға жуық ит пен мысық иелері жазаланды
Итті рұқсат етілмеген жерде серуендету заңнама нормаларын бұзу болып табылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндай жағдайларда көршілер немесе басқа да азаматтар полицияға немесе ветеринариялық бақылау органдарына жүгініп, мәселені реттеу бойынша шаралар қолдануды талап етуге құқылы.
Осылайша, Павлодар қаласында тұрғын полицияға шағымданып, үлкен итті тұмылдырықсыз серуендететін ер адамға шара қолдануды сұраған.
– Ит өтіп бара жатқан адамдарды қорқытып жүрген. Учаскелік полиция инспекторы иттің иесін анықтады. Павлодар тұрғыны түсініктеме бере отырып, кавказдық овчаркасының жуас екенін және ешкімге зиян тигізбейтінін айтқан. Үй жануарларын серуендету ережесін бұзғаны үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді департаментте.
Жыл басынан бері екі мыңға жуық ит және мысық иелері оларды ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Полиция үй жануарларының иелеріне олардың мейірімді әрі сүйкімді болып көрінетінімен, басқалар үшін қауіп төндіруі мүмкін екенін еске салады. Бұзушылықтар мен жанжалдардың алдын алу үшін итті серуендету ережелерін сақтау және басқалардың мүддесін құрметтеу маңызды. Итті дұрыс түрде серуендету және ол үшін жауапты болу – толықтай иесінің міндеті.