Павлодар облысында екі мыңнан астам азамат банкрот деп танылды
Заң күшіне енгеннен бері өңір тұрғындары соттан тыс банкроттық рәсіміне 15 мыңнан астам өтініш берген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті азаматтардың банкроттығы рәсіміне қатысты өзекті статистиканы жариялады.
«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң күшіне енгеннен бері өңір тұрғындары соттан тыс банкроттық рәсіміне 14 951 өтініш берген. Оның ішінде 2 304 азаматтың өтініші қанағаттандырылып, олардың міндеттемелері тоқтатылды. Қазіргі уақытта 960 өтініш беруші қаржылық мониторингтен өтуде, ал 11 232 азаматқа заң талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылған.
Қазақстанда борыш мәселесін шешудің үш тетігі қарастырылған. Яғни соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Соттан тыс банкроттық банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарызы 1600 АЕК-тен аспайтын, мүлкі жоқ әрі төлем мерзімі 12 айдан астам кешіктірілген азаматтарға қолданылады. Өтінішті тегін түрде Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе eGov.kz порталы арқылы беруге болады.
Ал сот арқылы банкроттық қарыз көлемі жоғары болғанда, борышкердің мүлкі немесе өзге де міндеттемелері болған жағдайда қолданылады. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі азаматқа банкрот мәртебесін алмай-ақ, қарызын бес жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік береді.
Заңнамаға енгізілген өзгерістер рәсімді жеңілдетті. Енді өтініште қарыз сомасы мен кредитор туралы мәліметтерді көрсету міндетті емес. Сонымен қатар азаматтардың жекелеген санаттары үшін өтініштерді қарау мерзімі қысқартылды.
Сонымен бірге банкрот мәртебесінің белгілі бір салдары бар. Азамат бес жыл бойы жаңа несие ала алмайды және кепілгер бола алмайды. Үш жыл бойы оның мүлік сатып алуы бақылауда болады. Ал банкроттық рәсіміне қайта жүгіну тек жеті жылдан кейін ғана мүмкін.