Павлодар облысында ЭЦҚ-ны заңсыз беру фактісі анықталды

Павлодар облысында ЭЦҚ-ны заңсыз беру фактісі анықталды
Фото Константин Шелков

Бұзушылыққа жол берген ауыл әкіміне қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің мәлімдеуінше, «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінің сыртқы мониторингінің қорытындысы бойынша электрондық цифрлы қолтаңбаны заңсыз берудің 40-тан астам фактісі анықталды.

- Ақпараттық жүйенің сыртқы мониторингі барысында «Е-лицензиялау» мемлекеттік органдар басшыларының демалыста, іссапарда, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижелеріне қол қою үшін өз ЭЦҚ-сын басқа қызметкерлерге беру фактісі анықталды, - делінген хабарламада.

Заңсыз берілген электрондық кілттермен рұқсат беру құжаттарына қол қою жағдайлары ең көп тіркелгендер қатарында жер қатынастары, жер қойнауын пайдалану және жолаушылар көлігі салалары бар. 

- ЭЦҚ электрондық құжат туралы заңда электрондық құжаттың дұрыстығын және оның тиесілігін растайтынын атап өту керек. Әрі электрондық цифрлы қолтаңба қол қоюшының өз қолымен жасалатын қолтаңбасына тең және бірдей заңды салдарға әкеп соқтыратыны көрсетілген. Осыған байланысты, уәкілетті орган басшысының ресми болмаған кезеңінде оның электрондық кілтімен қойылған қол жұмыс орнында заңсыз болып саналады, - деді департаменттің Мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маман А.Молдагелдинова.

2023 жылдың қорытындысы бойынша департамент осындай сипаттағы 47 фактіні анықтады. Оның нәтижелері бойынша ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетіне тиісті шаралар қабылдау үшін хаттар жолданды

Мысалы, комитеттің жабық кілтті заңсыз бергені үшін ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік бойынша Павлодар ауданы Григорьев ауылдық округінің әкіміне қатысты әкімшілік іс қозғалды.