Павлодар облысында күзгі «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы басталды
Оған демеушілер мен кез келген тұрғын қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахимова мәлім етті.
– 25 қыркүйектен бастап «Қамқорлық» күзгі акциясы басталды. Оның шеңберінде бюджет қаражаты, ұйымдардың, кәсіпорындардың, үкіметтік емес сектордың қайырымдылық және демеушілік көмегі және жеке қайырымдылық есебінен әлеуметтік қолдаудың әртүрлі түрлерімен жеті мыңнан астам мұқтаж азаматты қамту жоспарлануда,– деді спикер.
Биылғы көктем кезінде өткен акция кезінде сегіз мыңнан астам жалғызбасты және жалғыз тұратын қарт азаматтарға үй жанындағы және аула аумақтарын жинауға, отын жаруға көмектескен еді. Сондай-ақ демеушілер тарапынан жалпы сомасы қырық миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетілген болатын.
– Қиын өмірлік жағдайға тап болған қарт адамдарға жартылай стационар және стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Өмір сүру жағдайлары жасалады, күтім, медициналық қызмет көрсету, оңалту қамтамасыз етіледі, демалу және бос уақыт ұйымдастырылады.
Облыс бойынша қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде 27 үйде қызмет көрсету бөлімшесі және ауылдық округтерде 14 қызмет жұмыс істейді.