Павлодар облысында мектеп түлектері білім ордасына «ақылды» шахмат сыйлады

Павлодар облысында мектеп түлектері білім ордасына «ақылды» шахмат сыйлады
Фото: Малайсары атындағы ЖОББМ

Бұл құрылғы бастапқы деңгейден бастап гроссмейстерлік шеберлікке дейін ойнауға қабілетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Май ауданындағы Малайсары жалпы орта білім беру мектебінің түлектері өздері білім алып, түлеп ұшқан алтын ұясына ерекше сый жасап, оқушыларды қуанышқа бөледі. Мектеп түлектері зияткерлік дамуға бағытталған заманауи «ақылды» шахмат роботтарын тарту еткен. Ол  оқушылардың логикалық ойлауын дамытуға жаңа жол ашады, дейді ұстаздар.

Сыйға берілген SenseRobot Chess – автоматтандырылған қолы бар, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін шахмат роботы. Бұл құрылғы бастапқы деңгейден бастап гроссмейстерлік шеберлікке дейін (ELO 200–3200) ойнауға қабілетті. Сонымен қатар, арнайы әзірленген бағдарламалар арқылы шахматты кезең-кезеңімен үйренуге, тактика мен стратегияны терең меңгеруге мүмкіндік береді. Ал екінші шахмат роботы ойлай алатын, өздігінен қозғалып, фигураларды дәл орналастыратын кіріктірілген жасанды интеллектімен ерекшеленеді.

- Оқушылардың қуанышында шек жоқ. Себебі шахмат ойыны баланың логикалық ойлауын дамытып қана қоймай, шығармашылық қуаныш сыйлап, рухани дүниесін байытады. Бұл бастама – білім мен технологияны ұштастыра отырып, зияткер ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған жарқын үлгі, - делінген хабарламада.

Аталған шахмат роботтар оқушылар үшін күнделікті жаттықтырушы әрі сенімді серіктеске айналмақ. Бұл құрал жаңадан бастаған оқушыларға да, шеберлігін келесі деңгейге көтергісі келетін тәжірибелі шахматшыларға да өте қолайлы. Енді мектептің әрбір оқушысы робот арқылы шахмат ойынын үйреніп, өз қабілетін шыңдай алады.

Алдағы уақытта мектеп базасында аудандық шахмат турнирін өткізу жоспарлануда. Турнир аясында ерекше ынталандыру да қарастырылған. Егер кез келген мектептің оқушысы SenseRobot Chess құрылғысының 22-деңгейін жеңіп шықса, демеушілер сол мектепке дәл осындай шахмат роботын сыйға тартпақ.