Павлодар облысында Ресей мен бірлескен шекаралық оқу-жаттығу өтті
Оқу-жаттығу шекара маңындағы аумақтардағы орман және дала өрттерін сөндіруге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 29 қыркүйекте облыстық төтеншеліктер мен Ресей ТЖМ Омбы облысы бойынша бас басқармасы арасында Железин ауданы Лесное ауылдық округі Разделное ауылының маңында, шекара маңындағы аумақтарда бірлескен оқу-жаттығулар өткізілді.
Оқу-жаттығулар мемлекеттердің шекара маңындағы аумақтарында туындайтын орман және дала өрттерін сөндіруге ден қою жөніндегі басқару органдарының, күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруға бағытталған.
- Оқу-жаттығу 27-29 қыркүйек аралығында 3 күн өтті. Оқу-жаттығуға 33 бірлік техника мен 108 адам қатысты, - делінген хабарламада.
Бұл трансшекаралық оқу-жаттығулар мемлекеттердің іргелес аумақтарында туындайтын табиғи өрттерді сөндіруге ден қою жөніндегі күштер мен құралдарды басқару органдарының өзара іс-қимылын пысықтау, орман және дала өрттерін сөндіру әдістері мен тәсілдерін көрсету, қалыптасқан жағдайға және күштер мен құралдарды тарту жоспарына, сондай-ақ іргелес аудандармен, мемлекетпен өзара іс-қимыл жөніндегі жоспар мен нұсқаулықтарына сәйкес, күштер мен құралдарды басқару бөлігінде, өрт сөндіру штабының жұмысын жетілдіру, ірі орман және дала өрттерін сөндіру кезінде тылдық қамтамасыз етуді ұйымдастыру үшін жасалған.
Оқу-жаттығу шеңберінде шекарадан өтудің оңай жолдары да пысықталды.