Павлодар облысында шегірткеге қарсы Ресеймен бірлескен мониторинг жүргізілуде

Павлодар облысында шегірткеге қарсы Ресеймен бірлескен мониторинг жүргізілуде
ЖИ иллюстрациясы

Бұл шара өңірде фитосанитарлық жағдайды тұрақтандыруға және зиянкестердің таралуын дер кезінде тоқтатуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Арман Шүйкеновтің айтуынша, шегіртке зиянкестерінің таралуын анықтау және ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғау мақсатында мониторинг Омбы және Новосібір облыстары, сондай-ақ Ресей Федерациясының Алтай аймағымен шектесетін аумақтарда жүзеге асырылуда.

– Жұмыстарға 80-нен астам маман қатысуда. Оның ішінде 63 бақылаушы және 18 өсімдіктерді қорғау инспекторы бар. Жер үсті желдеткішті бүріккіштер, аэрозольді генераторлар және шегіртке зиянкестерімен күреске арналған заманауи препараттар қолданылады, – деді инспекция басшысы.

Бүгінгі күнге дейін шекаралас аумақтарда 34,6 мың гектар жер бірлесіп тексерілді. Сонымен қатар фитосанитарлық жағдай туралы ақпарат тұрақты түрде алмасып отырады. Сол сияқты жұмыс Абай, Қарағанды және Ақмола облыстарымен де бірлесе жүргізілуде.

Арман Шүйкеновтің айтуынша, атқарылып жатқан шаралар зиянкестердің ошақтарын уақтылы локализациялауға, дақылдарға қауіпті төмендетуге және облыс аумағындағы фитосанитарлық жағдайды тұрақты деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. Барлық жұмыстар облыстық штабтың тұрақты бақылауында болып, белгіленген мерзімде аяқталатын болады.

Еске сала кетейік, 2026 жылға арналған болжамға сәйкес облыста шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 48,8 мың гектар алқапта жоспарланған. Оның ішінде үйірлі шегірткелерге қарсы – 12,7 мың гектар, ал саяқ шегірткелерге қарсы – 36 мың гектар.