Павлодар облысында тіркеме жыраға аударылып, жылқы өлді
Жол-көлік оқиғасы Екібастұз - Майқайың автожолының 10 км орын алды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 мамыр күні сағат 19.00 шамасында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген тіркемесі бар «Toyota Europe» маркалы автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, кюветке аударылған.
– Салдарынан жүргізуші мен 22 жастағы жолаушы медициналық көмекке жүгініп, медициналық көмек көрсеткеннен кейін үйлеріне жіберілді. Сондай-ақ жүргізуші жануарларды тасымалдау тіркемесінде бір жылқыны тасымалдағаны анықталды. Жылқы сол жерде өлді, – дейді департаментте.
Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушінің жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені анықталды. Жүргізуші көлік құралын рұқсат құжатынсыз басқарған. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы – «маневр жасау ережелерін бұзу» және ҚР ӘҚБК-нің 612-бабы – «құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.