Павлодар облысында түнгі тыныштықты кімдер бұзады?
Тұрғындардың қатты музыкаға қатысты шағымы азаяр емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде тыныштықты бұзудың бес мыңға жуық дерегінің жолы кесілген.
Полицияға, әсіресе, көпқабатты үйлердің тұрғындарынан көлік ішінде музыканы қатты қосып қойған жүргізушілерге қатысты шағымдар жиі түседі.
Мәселен, түнгі сағат 01:23-те Сәтбаев көшесі, 59-үйдің тұрғындары полицияға қоңырау шалып, белгісіз адамдардың көлікте музыканы қатты қосып қойғанын айтқан.
– Қатты музыка тұрғындардың тынығуына кедергі келтіреді. Түн ортасында көлік иелері музыканы барынша қатты қосады. Ұйықтай алмаймыз. Ал таңертең жұмысқа тұруымыз керек, – деді тұрғындардың бірі.
Сол түні Лермонтов, Қамзин және Горький көшелеріндегі үйлерден де осындай шағымдар түскен.
Полиция шақыртулар бойынша тексеру жүргізіп, тыныштықты бұзған жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Оларға айыппұл салынды.