Павлодар облысында тұрғын үйден шыққан өрттен тыл еңбеккері құтқарылды

Павлодар облысында тұрғын үйден шыққан өрттен тыл еңбеккері құтқарылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Ол өзі жалғыз тұратын еді,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тілсіз жау Шарбақты ауылында болған. Полиция қызметкерлері Владимир Скрипко мен Павел Озгерыс ауыл ішін патрульдеу барысында тұрғын үйдің шатыры өртеніп жатқанын байқап қалып, бірден көмекке ұмтылған.

– Сағат 21:00 шамасында Вокзальная көшесі, 3/2 мекенжайы маңынан қою түтіннің көтерілгенін көрдім. Ойланбастан әріптесіммен бірге үйге қарай жүгірдік, жолда өрт сөндіру бөліміне хабар бердік. Оқиға орнына келгенде үйдің қосымша құрылысының шатыры жанып жатқанын, оттың көрші екі пәтерлі тұрғын үйдің төбесіне де тарай бастағанын байқадық. Бір үйдің иесі отбасымен бірге сыртқа шығып үлгеріп, көрші пәтерде жалғыз тұратын әжей бар екенін айтты. Үйдің ішінде қою түтін болды. Бөлмелердің бірінен 88 жастағы әжей – тыл еңбеккері Лидия Романовнаны тауып, сыртқа алып шықтық. Кейін мүмкін болатын жарылыстың алдын алу үшін газ баллондарын қауіпсіз жерге шығарып, әжейдің құжаттарын да алып шықтық, – дейді Шарбақты ауданының учаскелік полиция инспекторы Владимир Скрипко. 

Полицейлер қарт әжені қауіпсіз жерге, көршілердің үйіне апарып, болған жағдай туралы оның туыстарына хабарлаған. Жақындары зардап шегушіні өз үйлеріне алып кеткен. Қазіргі таңда Лидия Романовнаның өміріне қауіп жоқ.

Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер өртті оқшаулады. Тұрғындардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.