Павлодар облысында туристер ағыны артты
Өңірде жеті лицензияланған туроператор жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы үш тоқсанында Ертіс-Баян өңіріне келген қазақстандық туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 пайызға өсіп, 236 329 адамға жетті.
Шетелдік туристердің саны да артқан – 6932 адам, бұл көрсеткіш 25 пайызға жоғарылаған. Аймақта қазіргі таңда жеті лицензияланған туроператор жұмыс істейді.
Инвестициялар көлемі жоспарланған 12,7 миллиард теңгеден асып, 19 миллиардтан астам теңгені құрады.
Туризмнің басты нүктелерінің бірі – Баянауыл ауданы, жазғы және қыс уақытында белсенді демалыс орталығы. Сонымен қатар, Шарбақты ауданындағы Маралды емдік көлі де туристердің назарын аударады. Биыл бұл көлді шамамен 40 мың адам тамашалаған. Басқарманың хабарлауынша, көл аймағын жаңарту жоспарда бар, қоршау схемасы дайын, енді жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет.
Туристер арасында ерекше қызығушылыққа ие бағыт – «Ертіс орманы» резерватындағы эко- және этнотуризм. Мұнда рухани нысан – Ғабдула Уахит Хазретінің қасиетті орны бар, оны жыл сайын мыңға дейін қажылар зиярат етеді. Қажыларға арналған «Қарағай алаңы» қонақ үйі қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, Баянауылда жаңа инфрақұрылымдық нысан – «Pegas» жанармай құю станциясы іске қосылды. Соңғы үш жылда көркем табиғатқа жақын аймақта туризм саласында жеті жобаны жүзеге асырып, шамамен 5,5 миллиард теңге инвестиция тартылды.