Павлодар облысында туризмді дамыту үшін имидждік күнтізбе қолға алынды
Ол үшін биылғы жылға тоғыз имидждік іс-шарадан тұратын күнтізбе құрастырылды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаев мәлім етті.
– Олардың ішіндегі ең маңыздыларын атап өткім келеді. Бұл – Баянауыл ауданында жазғы және қысқы маусымдардың ашылуы, «Ұлттық тағамдар» фестивалін өткізу, Павлодар қаласында жыл сайынғы туристік көрмені өткізу және өңірдің негізгі дестинациялары бойынша туроператорлар, турагенттер мен БАҚ үшін ақпараттық тур ұйымдастыру. Сондай-ақ, «Kazakh Tourism» ҰК АҚ-мен бірлесіп, цифрлық өнімдер белсенді енгізілуде, – деді Ернұр Жәутікбаев.
Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы өңірімізге 190 мыңнан астам турист келіп, демалып қайтқан. Биыл олардың саны 200 мыңға жетеді деп жоспарлануда.
– Өңірімізде Баянауыл табиғи саябағынан бөлек, Шарбақты және Аққулы аудандарындағы Тұзқала елдімекеніне туристер көптеп келуде. Сондай-ақ, Маралды тұзды көлін де атап өтуге болады, – дейді Ернұр Жәутікбаев.
Баспасөз конференциясы барысында Баянауыл табиғи саябағындағы кәріз мәселесі туралы да сөз қозғалды.
– Бүгінгі таңда осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Тау-тасты мекен болғаннан кейін бұл мәселені шешу оңайға соқпайтыны анық. Бұл мәселе Баянауыл ауданы әкімінің жеке бақылауында, – дейді Ернұр Жәутікбаев.
Сондай-ақ, ол туризм саласына үлес қосамын деушілерге мемлекет тарапынан грант бөлінетіні жайлы айтып өтті. Былтыр осындай грантты кәсіпкерлердің бірі «Mixtour.kz» тур агенттігінің басшысы Мирас Ахметқали ұтып алған.