Павлодар облысында қызылша ауруын жұқтырғандар саны азайып келеді

Павлодар облысында қызылша ауруын жұқтырғандар саны азайып келеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл мамыр айынан бастап қызылша ауруының азайып келе жатқаны байқалады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзагүл Досжанова мәлім етті. 

– Мониторинг нәтижесі бойынша аталған дерттің апта сайын 10-11 жағдайға азайып келе жатқаны байқалады, дегенмен облыс бойынша ауру көрсеткіші республикалық көрсеткіштен 1,5 есе жоғары. Облыс бойынша көбінесе Павлодар, Ақсу қалаларында және Май ауданында тіркеледі, – дейді Зәмзагүл Досжанова.

Маманның айтуынша, инфекция ауа тамшылары арқылы беріледі. Науқаспен байланыста болған кезде (сөйлесу, түшкіру, жөтелу кезінде) бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған және ауырмаған адам 100% дерлік жұқтыруы мүмкін. 

Аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда дереу медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына жүгініп, дәрігердің ұсыныстарын қатаң ұстанған дұрыс. Ұсынылған емнен бас тартпай, белгiленген күнтiзбеге сәйкес вакциналаудан өту керек. 

Өз уақытында салынған вакцина адамды қызылшадан және оның асқынуынан сақтай алады.