Павлодар облысында әйелдерді қолдауға бағытталған жобалар іске асады
Бастамалар денсаулық саласына қатысты болмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық филиалында «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының жетекшісі Света Абдраманова төрағалық еткен аймақтық кеңестің отырысы өтті. Кездесуде қатысушылар «Әйел аманаты» аймақтық бағдарламасының жобасына ұсыныстарды талқылап, әйелдерді қолдауға және олардың қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған пилоттық бастамаларды таныстырды.
Отырысқа «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Николай Дычко қатысып, Әйелдер қанаты партияның әлеуметтік бастамаларын ілгерілетудің және өңірлік деңгейде партиялық міндеттерді жүзеге асырудың белсенді алаңы екенін атап өтті.
Аймақтық кеңестің тең төрағалары - Динара Айтжанова, Салтанат Төлегенова және Марина Стрелковская өңір әйелдерін толғандыратын өзекті мәселелерге арналған жобаларын ұсынды.
Динара Айтжанова мен Салтанат Төлегенова ұсынған жоба Павлодар облысының еңбек ұжымдарында жұмыс істейтін әйелдердің денсаулығын нығайтуға, аурулардың алдын алуға және еңбек әлеуетін сақтау мәселелеріне арналған.
– Бүгін ауруды емдеуден бұрын, оның алдын алу маңызды. Біздің мақсатымыз – әйелдердің салауатты өмір салты, аурулардың алдын алу және ерте анықтау мүмкіндіктері жөнінде хабардарлығын арттыру. Денсаулығы мықты әйел - берекелі отбасы мен қуатты елдің кепілі, – деді Динара Айтжанова.
Марина Стрелковская өңірлік психологиялық қызметті дамыту тұжырымдамасын ұсынып, денсаулықты сақтау үшін профилактикалық скринингтен уақтылы өтудің маңыздылығын атап өтті.
– Біз физикалық қана емес, психологиялық саулық туралы да айтуымыз керек. Әйелдер көбіне өзгелерге қамқор болып, өздерін ұмытып кетеді. Біздің мақсатымыз – әр әйел өзіне қажетті кеңес алып, уақтылы тексеруден өтіп, ішкі тепе-теңдігін сақтай алатын қолдау жүйесін қалыптастыру, – деді Марина Стрелковская.
Кездесу қорытындысында «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының іс-қимыл бағдарламасы мақұлданды. Ұсынылған жобалар жақын уақытта жүзеге асырыла бастайды.