Павлодар облысының барлық мектептері оқулықтармен толық қамтылды
Тапсырыс берілген оқулықтардың барлығы облыстың білім беру ұйымдарына толығымен жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде барлығы 356 мемлекеттік және жеті арнайы мектеп бар. Павлодар облысының білім беру басқармасының мәліметінше, бүгінде оқушылардың барлығы оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендермен 100% қамтамасыз етілген.
– Мемлекеттік тілде оқытатын екінші сыныптың 4868 оқушысы жаңартылған «Орыс тілі» оқулықтары бойынша оқуын бастады. Сондай-ақ, барлық 1-2-сынып оқушыларына «Цифрлық сауаттылық» электрондық оқулықтары және 1-11-сынып оқушыларына арналған басқа да жетіспеген оқулықтар сатып алынды, – деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде облыс мектептерінде цифрландыру жүргізілуде. Цифрлық технологияларды енгізудің маңызды қадамдарының бірі оқу процесінде электрондық оқулықтарды пайдалану болып табылады. Биылғы оқу жылында оқушыларға алғаш рет 1-2-сыныптарға арналған «Цифрлық сауаттылық» оқулығының электронды интерактивті нұсқасы ұсынылды.