Павлодар облысының екі ауданында жаңа ауылдық әкімдер таңдалды
Сайлау 1 ақпанда өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақтоғай ауданының Ақтоғай ауылдық округінде сайлаушылар тізіміне 3176 азамат енгізілді. Дауыс беруге 1913 сайлаушы қатысты.
Жалпы үш үміткер тіркелген болатын. Ақтоғай ауылдық округі әкімі сайлауының қорытындылары бойынша 963 дауыспен Аспан Жүсіпов қалған үміткерлерді басып озды. 33 жастағы Аспан Жүсіпов бұған дейін Ақтоғай аудандық сотының аға сот приставы болып қызмет атқарған.
Сондай-ақ, Ертіс ауданы Аманкелді ауылдық округінде де сайлау өтті. 201 сайлаушы дауыс беруге қатысты. Бұл округте де үш үміткер тіркелген болатын. Нәтижесінде ауылдастар осы лауазымда болған Алмагүл Шарманованы таңдады. Ол 2022 жылдан бері Аманкелді ауылдық округінің әкімі ретінде еңбек етуде.