Павлодар облысының орманшылары жоспарлы оқудан өтті
Соңында оларды қорытынды тестілеу күтіп тұрды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» табиғи резерваты аумағында мемлекеттік орман күзеті қызметкерлері мен орман өрт сөндіру станцияларының мамандарына арналған жоспарлы оқу өтті.
2026 жылғы өрт қаупі жоғары маусымға дайындыққа бағытталған бұл оқу экология және табиғи ресурстар министрі мен төтенше жағдайлар министрінің бірлескен бұйрығы негізінде ұйымдастырылды. Оқу барысында мамандар ормандарды өрттен қорғау, орман өрт сөндіру қызметінің жұмысын ұйымдастыру, орман өрттерін сөндіру технологиясы, байланыс және ақпараттық қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасы бойынша дайындықтан өтті.
Қорытынды емтиханда қызметкерлер кәсіби дайындық деңгейін және алдағы өрт қаупі жоғары кезеңде міндеттерін орындауға дайын екенін сәтті дәлелдеді.
«Ертіс орманы» резерватындағы мамандар атап өткендей, мұндай іс-шаралар қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және орман қорын тиімді қорғауды қамтамасыз етуге ықпал етеді.