Павлодар полицейлері өткен жылды қорытындылап, жаңа басымдықтарды айқындады

Павлодар полицейлері өткен жылды қорытындылап, жаңа басымдықтарды айқындады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыстық полиция департаменті бақылауды күшейтудің арқасында ұрлық пен тонау деректерінің азайғанын мәлімдеді, алайда тәртіп сақшылары интернет-алаяқтық пен жол апатының өсуіне байланысты тұрғындарды сақ болуға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақтық коммуникация қызметі алаңында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсеитов өткен жылдағы полицияның жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы брифинг өткізді.

Оның айтуынша, жүйелі профилактикалық және жедел қызметтік жұмыстың арқасында қылмыстар, оның ішінде тонаулар, пәтер мен қалта ұрлықтары, ұялы телефон ұрлықтары айтарлықтай азайған. Жол-көлік оқиғаларының жалпы саны төмендеді, бірақ балалар қатысқан апаттар, мас күйінде болған жол-көлік оқиғалары және республикалық маңызы бар трассалардағы апаттардың өсуі алаңдаушылық тудырып отыр.

– Өткен жылы алаяқтық деңгейі 30 пайызға артты, ал интернет-алаяқтықтары 50 пайыздан астам өсті. Бұл бүгінгі күнде де ең өзекті мәселе болып табылады. Біз бақылауды күшейтіп отырмыз, бірақ басты қорғаныс – азаматтардың хабардарлығы, – деді Болат Нұрсеитов.

Өткен жылы тұрмыстық қылмыстар саны да азайды. 

– Біздің басты мақсатымыз – аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Біз құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздік және заңдылықты қатаң сақтау мәселелеріне үлкен мән береміз. Профилактика мен заңдылыққа басымдық беру – осы мәселелерді шешудегі негізгі бағыт болып қала береді, – деп атап өтті Болат Ерденұлы.

2026 жылы басымдық берілетін бағыттар: алаяқтықпен күрес, зорлық-зомбылық қылмыстарының алдын алу, балалар қауіпсіздігі, жол-көлік апаттарын азайту және халықпен ашық диалог орнату.

Жиын соңында Болат Нұрсеитов полицияға көмектесетін, бейжай қалмайтын және қауіпсіздік – ортақ іс екенін түсінетін барлық азаматтарға алғысын білдірді.