Павлодарда құрлық күштерінің арулары қару атудан мықтыны анықтады
Нысананы көздеуден шеберліктерін көрсеткен қыздар арасындағы бәсеке тартысты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай облыс орталығындағы «Динамо» спорт кешенінде нәзік жанды полиция қызметкерлері арасында жауынгерлік қарудан ату және үстел теннисінен жарыстар өтті.
Шара назік жанды тәртіп сақшыларының жауынгерлік рухын шыңдауды мақсат етеді. Сонымен қатар, бұл жарыс әр қала мен ауданнан келген әріптестермен танысып, тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік болды.
— Барлық қатысушылар өздерін лайықты әрі жақсы дайындалған маман ретінде көрсетті. Олар дәлдігі мен шапшаңдығын дәлелдеді. Мұндай дағдылар күнделікті қызметте біреудің өмірін сақтап қалуға немесе қылмыскерді тоқтатуға көмектеседі, — деді Павлодар облысы полиция департаментінің арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы Ерік Төлегенов.
Ату жарыстары төрт жаттығу бойынша өтті. Нәтижесінде жеке есепте «статикалық ату» жаттығуында Ризагүл Андасова бірінші орынды иеленсе, Әйгерім Шұғайыпова екінші орынға тұрақтады. Ал жүлделі үшінші орын Әсемгүл Шановаға бұйырды.
«Статика» атысында Назым Сүлейменова алтын медальға ие болса, Анастасия Алексеева күмістен алқа тақты. Ал қола медальді Әлия Малдаханова мен Динара Зайдулаева өзара бөлісті.
«Жылдам ату» аталымында Әсем Рахимова топ жарса, Зура Ташева екінші сатыға тұрақтады. Ал Алина Кайкенова мен Арай Көкенова үшінші орынға ие болды.
«Дуэльдік атуда» Дильназ Тілен үздік нәтиже көрсетсе, Назгүл Есенбай екінші, ал Аида Қаратай, Сабина Қымбатова және Сәния Жанахметова өзара үшінші орынды бөлісті.
Сонымен қатар, қыздар үстел теннисі бойынша да бақ сынады. Мұнда Әсел Төлеубаева үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынға ие болды. Екінші орын Дарима Ермекке бұйырса, үшінші орынды Мәдина Есемханова, Гүлмира Тайлақова және Алзира Қазақпай өзара бөлісті.
Иықтарына погон таққан нәзік жандар өздерінің тек сұлулығымен ғана емес, мергендігімен, жауынгерлік даярлығымен және спорттағы шеберлігімен де ерекшеленетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Іс-шара соңында барлық қатысушылар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар, медальдар, грамоталар және гүл шоқтары салтанатты түрде табысталды.