Павлодарда қоғамдық көлікте қызмет көрсету сапасы көңіл көншітпейді
Бұл жайында облыс бойынша өткізілген сауалнама нәтижесінде айқындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша 20 өңірде әлеуметтік және талдамалық зерттеулер жүргізілді. Оған 16 жастан 70 жасқа дейінгі тұрғындар қатысты. Облыс бойынша 500-ден аса, оның ішінде 100 адам елді мекендерде сауалнамаға қатысты.
Респонденттерге Заңнама туралы хабардар болу, тұтынушылардың белгілі құқықтары, қызмет сапасына қанағаттану, коммуналдық қызметтерді жеткізу мәселелері, құқықтық сауаттылықты арттыру, әлеуметтік бастамаларды қолдау, нормативтік-құқықтық актілерді білу, өз құқықтарын қорғауға дайын болуға қатысты сауалдар қойылды.
– «Сіз тұтынушылардың қандай құқықтарын білесіз?» деген сұраққа, облыстың тұрғындарының 31 пайызы «жиі сапа құқығын» деп белгіледі, ал 30 пайызы «келтірілген зиянды өтеу құқығын» біледі деп жауап берді. Төрт пайызы ғана «айыппұл салуға құқығы» бар екенін біледі, – деді облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының м. а. Нұрсұлу Әубәкірова.
Кейбір респонденттер түрлі салалардағы қызметтердің сапасына қанағаттанушылықтың төмен дәрежесін білдірді.
– Сауалнамада «Сіз темір жол көлігі сияқты қызмет көрсету саласының сапасына қанағаттанасыз ба?» деген сұраққа, респонденттердің 49 пайызы көңілінен шықпағанын айтқан. Ал тұрғындардың 62 пайызы қалалық қоғамдық көлікте қызмет көрсету сапасына көңілі толмаған. Пікірлердің басым бөлігіне сүйенсек, 2024 жылы қалалық қоғамдық көлікте тасымалдау қызметтерін ұсыну саласында тұтынушылық құқықтары, жүк тасымалдау ережелерін бұзылып, жолаушылар санының шамадан тыс көп, қызметкерлердің дөрекі болған, – деді Нұрсұлу Әубәкірова.
Павлодар облысы коммуналдық қызметтер саласындағы наразылықтың жоғары деңгейімен де ерекшеленді. Тұрғындардың тек 44 пайызы ғана электр энергиясын жеткізу сапасына риза.
– Қай салаларда кемшіліктер бар екенін түсіну үшін сауалнама жүргіздік. Мүмкін түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізіп отырмыз. Кемшілік немесе олқылықтар да бар шығар. Сондықтан әлеуметтік сауалнаманың осы нәтижелеріне сүйене отырып, артта қалып отырған салаларды жақсарту үшін уәкілетті басқа құзыретті органдармен бірлесіп жұмыс істеуіміз керек, – деді ол.
Сауалнама көрсеткендей, тұрғындардың 21 пайызы тұтынушы мен сатушы арасындағы қарым-қатынастың қандай нормативтік-құқықтық актілермен реттелетінін біледі. Бұл азаматтар арасында құқықтық хабардарлықты арттыру қажеттігін көрсетеді.