Павлодарда үш гектар аумақты шарпыған қоқыс полигонындағы өрт толық сөндірілді
Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан ірі өрт 15 мамыр күні сағат 17:49-да толықтай жойылды. Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар және жауапты кәсіпорынның бірлескен іс-қимылының нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталды.
– Жалын үш гектар аумақты шарпыған. Өртті сөндіру жұмыстарына ТЖД мамандарымен қатар, ЖШС-нің арнайы техникалары мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, – делінген хабарламада.
Ведомство өкілдері өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салады.
Еске сала кетейік, полигондағы өрт 14 мамыр күні сағат 21:18-де тіркелген болатын. Сол түні сағат 01:07-де жалын оқшауланып, содан бері мамандар өрт ошақтарын толық жою және салқындату жұмыстарын жүргізді.