Павлодарда әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балалар алғыс айтты

Павлодарда әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балалар алғыс айтты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар өздеріне көмек көрсеткендерге ризашылығын білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында Алғыс айту күніне арналған «Алғыс айтқым келеді» атты мерекелік кеш өтті. Кешті арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі өңірлік орталығы ұйымдастырды.

–   Біз орталығымыздың дамуына үлкен көмек көрсетіп, үлес қосып жүрген жандарға алғыс айтамыз. Олардың ішінде қаламыздағы кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыс істейтін адамдар және еріктілер мен игі істер жасайтын қарапайым адамдар да бар, – дейді орталық басшысының орынбасары Көркем Сағиева.

Оның айтуынша, орталыққа материалдық және балалардың көңілін көтеру үшін «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Майдан жолы» жедел-іздестіру жасағы қоғамдық ұйымы, «Стальмонтаж» ЖШС фирмасы, Ішкі істер министрлігі оқу орталығының оқытушылары секілді көмек көрсетекен жандарға сый-сияпаттар табыстады.

–  Бүгін мен бүлдіршіндердің алғыс айтқанына қуанып отырмын. Біз осы орталықпен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Қамқорсыз қалған балаларды өз отбасына қайтаруға тырысамыз, әрине ата-анасы жақсы болған жағдайда. Егер бәрі дұрыс болмай жатса, оларға асырап алушыларды іздестіреміз, – дейді «Аналар үйі» қоғамдық қорының аймақтық маманы Салтанат Сипатилова.

Одан бөлек қызметкерлер сол орталықта жұмыс істейтін әріптестеріне де алғастарын білдірді. Шараға қатысушылар орталықтың бүлдіршіндері шырқаған әнді тыңдап, мерекелік кештерін тамашалады.

Айта кетейік, әлеуметтік орталықта қазіргі уақытта ата-аналары тастап кеткен немесе зорлық-зомбылық көрген 70-ке жуық бала пана тауып отыр. Орталық қызметкерлері балаларға жекелей кеңес беріп, қолдау білдіреді.