Павлодарда 2025 жылдың үздік спортшылары марапатталды
Салтанатты іс-шара Естай атындағы мәдениет сарайында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда 2025 жылдың қорытындысы бойынша үздік спортшыларды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында олимпиадалық, олимпиадалық емес, паралимпиадалық және ұлттық спорт түрлерінің үздіктері, сондай-ақ медицина қызметкерлері арасындағы кешенді спартакиада жеңімпаздары мен спорт тақырыбын белсенді насихаттап жүрген БАҚ өкілдері марапатталды.

Салтанатты жиында Павлодар қаласы әкімінің аппарат басшысы Нұрқанат Дәрім спортшыларды жетістіктерімен құттықтап, олардың ел намысын абыроймен қорғап жүргенін атап өтті.
- Сіздерді 2025 жылдың үздік спортшылары атануларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Өткен жылы сіздер табандылық пен қажырлы еңбек, патриотизм мен биік рухтың ең үздік үлгілерін көрсеттіңіздер. Әрбір жеңіс – тек медаль ғана емес, мыңдаған жасөспірімге жігер мен мотивация беретін жарқын үлгі, – деді ол.
Сонымен қатар өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жалғасып жатқаны айтылды. 2025 жылы қалада 10 шағын футбол алаңы, 11 стритбол алаңы мен қоршаулар орнатылған. Кенжекөл ауылындағы «Сұңқар» спорт клубына күрделі жөндеу жүргізіліп, бірқатар көше және аула алаңдары жаңартылды.
Ал 2026 жылға 80 тренажер кешенін, 40 street workout алаңын, 10 шахмат үстелін, 30 стритбол және 10 шағын футбол алаңын орнату жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Шарбақты көпірі маңында ипподром ашу және орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізу көзделген.

Марапатталғандардың қатарында сурдо жүзуден жаттықтырушы Гүлмира Айғожинова да болды. Оның айтуынша, бүгінде Павлодар облысында параспорт бойынша ондаған спортшы тұрақты түрде жаттығады.
- Биыл біздің спортшылар Қазақстан тарихында алғаш рет параспорттық спартакиадада жүзуден командалық есепте үшінші орын алды. Үш күн ішінде 15 алтын медаль жеңіп алдық. Бұл – соңғы он жылдағы ең үлкен жетістік. Сонымен қатар халықаралық жарыстарда да жақсы нәтиже көрсетіп, Қонаев қаласында өтетін финалға жолдама алдық, – деді жаттықтырушы.
Ол сондай-ақ аутизм диагнозы бар спортшы Анастасия Рязанконың халықаралық деңгейдегі норматив орындап, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жарыстарға жолдама жеңіп алғанын атап өтті.

Гир спорты бойынша нұсқаушы Юрий Давыдов та өз тәрбиеленушілерінің жетістіктерімен бөлісті.
- Біздің спортшылар облыстық спартакиадада гир спорты мен армрестлингтен жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді. Оқушыларым арасында әлем чемпионаттарының жүлдегерлері бар. Олар халықаралық деңгейде өңір намысын лайықты қорғап жүр, – деді ол.
Кеш барысында спортшыларға арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Әнші Дина Мэлс сахнада «Жүрек» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Оның әсерлі дауысы мен сахнадағы ерекше харизмасы кештің көркін аша түсті.