Павлодарда алып кимешек рекордтар кітабына енді

Іс-шараға 200-ге жуық ана қатысты. Олар бірдей ақ кимешек киіп, ұлттық бас киімді дәріптеу мақсатында Ертіс жағалауында бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жобаның авторы – Гүлайым Акумбаева. Идеяның негізі – қазақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімі кимешекті ұлықтау, көнеден жеткен құндылықтарды жаңғырту. Кимешек – аналардың мәртебесі мен тазалығын бейнелейтін, тарихи және рухани маңызы зор ұлттық бұйым.
— Кимешек сөзі киім-кешек сөзінен шыққан. Қазақтың бас киімге деген құрметі өте жоғары. Қазақ қоғамында бас киім адамның мәртебесін, жынысын, жасын білдіреді. Мысалы, әйелдердің кимешегі, ерлердің тақиясы мен бөрігі – оның әрқайсысының өз орны мен мәні бар. Кимешекті айтар болсақ, ойықтың шетіне қарай қызыл болса – жас келіншекке, ал сары болса – орта жастағы әйелдерге және ақ түсті кимешек әжелерімізге арналған. Ұзындығына қарай төрт бөлікке бөлінген, олар – арқа жабар, бел жабар, қылта жабар, өкше қағар, – дейді жоба ұйымдастырушысы.
Гүлайым Акумбаеваның ұлттық киімдерді тігіп жүргеніне алты жылдай болған, бірақ нақты бас киімдерді тіккеніне екі жылдай уақыт өткен. «Алып кимешек» идеясы былтыр пайда болған. Сол кезде неге қазақ кимешегін халықаралық деңгейде шығармасқа және қазақ халқының кимешегін әлемге паш етпеске деген ой туындаған.
— Осы жоба аясында біз әр рудың кимешек түрлерін бөліп көрсеттік, бірақ бұл жерде айта кетсек, «қазақ руға бөлінбейді, қазақ рудан құралады». Осы кимешекті барлық қыз-келіншектер кисе, қандай жарасымды! Бұл – біздің тамырымыз, салтымыз, аналар аманаты. Ал оны күнделікті өмірде киіп жүру – үлкен мәртебе, нағыз құрмет дер едім, – дейді жоба қатысушысы.
World Book of Records жазбаларды тіркеу бөлімінің бас директоры Қуандық Құдайбергеновтің айтуынша, әлемдік рекордтарды тіркейтін төрт түрлі кітап бар және өтіп жатқан «Алып кимешек» жобасы әлемдегі ең үздік ұлттық бас киімдер жобасы ретінде халықаралық әлемдегі рекордтар кітабына тіркелді.
Іс-шара барысында ақ жаулықты аналардың өнегесі, кимешектің символдық мәні, имандылық пен ибалықты бейнелейтін сипаты жайлы тағылымды ойлар айтылып, ұлттық болмыстың жарқын көріністері паш етілді.
Әмина Жеңіс