Павлодарда Асанәлі Әшімовтің кабинеті ашылады
Іс-шараға Қазақстан Еңбек Ерінің өзі қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қазақ киносының аңызы Асанәлі Әшімовтің жеке заттары қойылған кабинет ашылады. Онда актердің киген шапаны, шахмат тақтасы, үстел үсті жиынтықтары және өзге де пайдаланған жеке заттары таныстырылады. Ашылу салтанатына өнер иесінің өзі құрметті қонақ ретінде қатысады.
Асанәлі Әшімұлы Әшімов – кеңестік және қазақстандық кино, театр актері, кино және театр режиссері, профессор. Ол 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылмада ауылында туған. Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының (1973) және КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974), Қазақ КСР халық артисі (1976), КСРО халық артисі (1980), Қазақстанның Еңбек Ері (2017). Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі.
Асанәлі Әшімов қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі болып есептеледі. Оның кинодағы «Бекежан», «Шадияров», «Мәмбет», «Қасымханов», «Кемел», «Нұрғазы», «Қаражал», «Шыңғыс хан» рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті. Әшімов режиссер ретінде кең танылды. Ол сахналаған Н. Гогольдің «Ревизор», Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді», И.Оразбаевтің «Мен ішпеген у бар ма?!», С.Ванустың «Сұлтан болсам егер мен», жылы Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» спектакльдері мен ол түсірген «Жылан жылы», «Шоқан Уәлиханов», «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» фильмдері режиссерлік шығармашылығының да кең ауқымын көрсетеді.
Театр саласында да майталманның еңбегі жарқырап көрінді. М.Әуезовтің «Абайында» - Керім, «Еңлік-Кебегінде» - Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» - Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» - Жарасбай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» - Қодар, Қ.Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» - Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» - Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» - Дон Жуан, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» - Еламан, И. Вовнянконың «Апатында» - бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымда көрнекті актердің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр.
Актердің қатысуымен көптеген кинокартиналар Павлодар облысының Баянауыл ауданында түсірілген. Олардың арасында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты қазақ киносының шедеврін атап өтуге болады.
Айта кету керек, аталымш іс-шара 21 қыркүйек күні сағат 12:00-де Бұқар жырау музейінде ұйымдастырылады.