Ақсудағы ең ірі өндіріс орнына апаратын жол қалпына келтірілді

Ақсудағы ең ірі өндіріс орнына апаратын жол қалпына келтірілді
Фото: Жансая Мәлік

Енді ақаулар жойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласына барып, жол жөндеу барысын тексерді. Әкім қаладағы басты проблемаларды атап, мердігер мен қала әкімдігіне нақты тапсырмалар жүктеді. Ақсу өңіріндегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 663,5 шақырым, оның ішінде қала ішінде 63 шақырым жол бар

– Қаладағы 63 шақырымның 58 шақырымында асфальт бар. Қазір Черёмушка шағын ауданында алты көше, Ақсу кентінде бір көше жөндеуді қажет етеді, – деді қала әкімінің орынбасары Нұрбек Қонротбаев. 

Жөндеу жұмыстарын «ПКФ Гордорстрой» ЖШС жүргізуде. Жұмыс 7 қыркүйекте басталған. Жобаның жалпы құны – 375 миллион теңге.

Жалпы жөндеу көлемі 38 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде: 10 мың шаршы метр жерд шұңқырларды жамау, 17 мың шаршы метрде топырақ жолдарды асфальттау, 10,5 мың шаршы метрде коммуналдық кәсіпорындар қазған орындарды қалпына келтіру, 5 мың шаршы метрде тротуарларды жөндеу.

Бүгінде 18 мың шаршы метр астам жолға асфальт төселді. Оның ішінде: Ферроқорытпа зауытына кіреберіс жол – 560 метр, Набережная, Пушкина, Абай, Майская, Весенняя, Полевая, Березовая көшелері бар.

– Қазіргі уақытта жалпы көлемнің 70 пайызы орындалды. 14 көшеде шұңқырларды жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындар қазған жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мұндай 52 орын бар. Қыс басталғанға дейін бәрін аяқтаймыз, – дейді Нұрбек Қонротбаев. 

Черёмушки ықшам ауданындағы жолдардың жалпы ұзындығы – 7,75 шақырым. Оның ішінде биыл 1,7 шақырымында топырақ жолға асфальт төселді.

– Бұл ықшам ауданда шамамен мың жарым халық тұрады. Көбі мал ұстайды, көбі зауытта жұмыс істейді. Жол мәселесі тұрғындардың басты өтініші болатын. Биыл Майская, Весенняя, Полевая, Березовая көшелерін асфальттап бердік. Қалған 600 метрді биыл фрезамен тегістейміз. Келесі жылы жаңағы алты көшені де толық асфальттаймыз, – деді Ақсу қаласының әкімі. 

Облыс әкімі қаладағы басты өндірістік нысан – ферроқорытпа зауытына кіреберіс жолға да назар аударды. Кіреберіс жол 2018 жылы жөнделген, екінші жол былтыр жасалған.

– Бұл – Ақсудағы ең ірі өндіріс орны. Бұрын дұрыс жол болмаған. Зауытқа алты автобус маршруты кіреді екен. Бұрыннан істеу керек еді,  – деді Асайын Байханов.

Мердігердің айтуынша, ескі қабат бес сантиметр қалыңдықта алынып, орнына жаңа асфальт төселген. Негізі берік, ешқандай ақау жоқ.

Облыс басшысы алдағы жұмыстардың жоспарын да тоқталды. Келесі жылы орташа жөндеумен алты үлкен көше қамтылады: Әуезов, Строителей, Пушкин, Қамзин, Бауыржан Момышұлы, Набережная. Жалпы ұзындығы – 5,6 шақырым. Құны – 810 миллион теңге. 

– Жеке сектордағы барлық көшелерді асфальттауды тапсырамын. Үйлер бар жерде жол болуы тиіс. Бұл мәселені біржолата шешіп алайық, – деді өңір басшысы.

Әкім жарықтандыру мәселесін де көтерді. Қай жерде жарық аз – сонда жаңа шам орнатуды. қажет болса бағаналарды ауыстыруды тапсырды. 

Биыл Ақсудағы жол жөндеу жұмыстарының жалпы көлемі – 38 мың шаршы метр. Оның басым бөлігі орындалды, қалған бөлігі қыс түскенге дейін аяқталмақ. Келесі жылы қалада 6 ірі көше жөнделіп, жеке сектор толық асфальтталады. Сонымен бірге жарықтандыру мәселесі де шешілмек.

Бұдан бөлек, Ақсу қаласының тұрғындары жол сапасына, мердігерлердің жұмысына және әлеуметтік нысандардың уақтылы іске қосылмауына қатысты өз сұрақтарын қойды. Олардың айтуынша, кейбір көшелерде асфальттау жұмыстары толық орындалмаған, шұңқырларды жөндеу сапасыз жасалып, бір-екі аптадан кейін қайтадан шұңқырлар пайда болады. Сондай-ақ, «Халық қатысатын бюджет» аясында қарастырылған балалар алаңы мен басқа да жобалардың уақытылы жүзеге аспай жатқанына алаңдаушылық білдірді. Черёмушки мен Беловка аудандарында су құбырының әр үйге тартылмауы, көшелердің жарықтандырылмауы секілді мәселелер де тұрғындардың назарында.

Аймақ басшысы тұрғындардың көтерген мәселелеріне жауап берді. Оның айтуынша, биыл асфальтталған төрт көшеден бөлек, келесі жылы Черёмушки ықшам ауданындағы алты көшеге толық асфальт төселеді. Сонымен қатар, мердігерлерге шұңқырлы жөндеудің сапасын күшейтіп, барлық ескертулерді түзету тапсырылды. 

Сондай-ақ, балалар алаңы мен басқа да жобалар бойынша конкурс кешігіп өткені айтылып, 21 қыркүйекте нәтижесі жарияланатынын жеткізілді. Су тарту жобасындағы кемшіліктерді жою үшін келесі жылы қосымша құдықтар орнатып, толықтыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицияға жол белгілерін орнату және жылдамдықты шектеу бойынша тапсырмалар берілді.