Железин ауданында шетелдік заңсыз түрде стоматологиялық қызмет көрсеткен

Железин ауданында шетелдік заңсыз түрде стоматологиялық қызмет көрсеткен
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оның тиісті құжаттары болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өңірде «Дәрмек» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның мақсаты – есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ уытты және күшті әсер ететін заттардың заңды айналымын бақылау.

Полиция қызметкерлері тексерістер барысында 1 тоннадан астам дәрі мен ампула түріндегі есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын шектеді.

– Полиция қызметкерлері емдеу-профилактикалық мекемелерде, кәсіпорындарда, дәріханалар мен қоймаларда рейдтік іс-шаралар жүргізді. Солардың нәтижесінде Железин ауданының бір ауылында шетел азаматының халыққа заңсыз медициналық қызмет көрсеткен дерегі әшкереленді. Оның стоматологиялық қызмет көрсетуге қажетті құжаттары болмаған, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Полиция заңсыз медициналық қызмет көрсету фактісі бойынша әкімшілік іс қозғады. Материал өңірлік медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментіне қарауға жолданды.