Павлодарда бүлінген футбол алаңдары кезең-кезеңімен жөнделуде
Жұмыстарды 15 шілдеге дейін аяқтау көзделуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді.
— Жаз мезгілінің басталуымен қала аулаларындағы футбол алаңдары балалар мен жасөспірімдердің сүйікті демалыс орындарының біріне айналады. Сонымен қатар, маған тұрғындардан футбол алаңдарының жай-күйіне қатысты өтініштер тұрақты түрде келіп түседі. Кейбір алаңдарда қақпалар, қоршаулар, торлар немесе жасанды жабын бүлінген, - деді қала әкімі.
Аулалардағы футбол алаңдарында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысқан шаһар басшысы жауапты қызметтерге тұрғындардың өтінішін күтпей-ақ, алаңдардың жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді тапсырды. Анықталған барлық ақаулар күрделі жөндеу жұмыстарын күтпей, жедел түрде жойылуы тиіс екенін айтты.
— Биыл 30-дан астам футбол алаңын жаңарту жоспарланған. Нысандарда қоршаулар, жасанды жабын және торлар ауыстырылуда. Жұмыстарды әрқайсысында 7-10 адамнан тұратын төрт бригада жүргізіп жатыр. Барлық жұмысты 15 шілдеге дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді Хасар Хабылбеков.
Облыс орталығының әкімі жауапты мамандарға осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, футбол алаңдарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.