Павлодарда би ансамблі жаңартылған бағдарламамен концерт қояды
Кеш көрермендерге ерекше музыкалық және би коллаборацияларын ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Концерт 21 қараша күні сағат 19:00-де Естай атындағы мәдениет сарайында өтеді. Оған облыстың танымал өнер ұжымдары қатысады. Кештің басты қонағы – Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның «Нұр» би ансамблі.
– Бұл ұжымның басты ерекшелігі – өзіне тән орындау мәнері, энергия мен экспрессия, қимылдардың нақтылығы және образдардың жарқындығы, – дейді ұйымдастырушылар.
«ҚР мәдениетінің үздігі» Айгүл Даирбаева басқаратын «Нұр» би ансамблі көрермендерге жаңартылған бағдарламасын ұсынады. Бағдарламаға облыстың танымал фольклорлық ұжымдары қатысады: «ҚР мәдениетінің үздігі» Ризолла Садықов басқарған «Шаңырақ» ансамблі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Мәді Төлеуов басқарған «RUH» этномикс ансамблі, сондай-ақ «ҚР мәдениетінің үздігі» Мадина Қанатқызы жетекшілік ететін «SAMIYAN» вокалдық тобы.
Көрермендерге вокалдық-аспаптық-хореографиялық қызықты коллаборациялар ұсынылады.