Павлодарда еліміздегі студенттер арасында алғашқы медиа форум өтуде
Торайғыров университетіндегі форумға еліміздің 20-ға жуық жоғарғы оқу орнының студенттері жиналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екі күн ішінде студенттер «KAZMADIANET-WORK қазақстандық медиа желісі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақтыгүл Бұрбаева және PR-стратег, коммуникациялар жөніндегі жаттықтырушы Ақерке Берлібайдың тренингтеріне қатысады.
Сондай-ақ форум қонақтары «Лосось №1» желісінің және «American Dream» пиццериясының негізін қалаушы Денис Манафов, «Бірінші «Еуразия» арнасының жүргізушісі Вероника Вишневская, «Astana TV» телеарнасының Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі Өзгеріс Қуанар мен digital-media маманы және тәлімгер Ажар Аманжолова сөз сөйлейді.
Торайғыров университеті «журналистика» мамандығының 3-курс студенті Диляра Нұртаева бұл Қазақстандағы студенттер арасындағы алғашқы форум екенін атап өтті.
- Мұндай форум дебат клубтарының арасында болған. Ал, бізде болмаған еді. Сондықтан алғаш рет өтуде. Медиа форумның басты мақсаты – университеттер бір-бірімен танысып, студенттердің идеялармен алмасуы. Жастар спикерлерді тыңдап, еңбек тәжірібиесін алуы үшін жасалып жатыр, - деді Диляра Нұртаева.
Сонымен қатар, SMF аясында «ToU Arbat» өтеді. Бағдарламада жанды музыка фестивалі, гараж сатылымы, КВН, студенттік филармонияның театрландырылған қойылымдары, ұтыс ойыны, би кеші және т.б. бар. Оған қоса, форум алаңында экологиялық акция – ЖОО аумағында ағаш отырғызу жоспарлануда.
Айта кетейік, медиа форум 29 сәуір күні де жалғасады.
Фото: Торайғыров университетінің баспасөз қызметі