Павлодарда ер адам екі жасар қыздың бұғанасын сындырған
Полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
16 қаңтарда облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімшесіне әйел 2022 жылы туған баласында иық тұсының ауырсынуымен жүгінген.
– Кезекші травматолог баланы тексерді. Рентген екі бұғана сүйектерінің жабық сынуын көрсетті. Анасының айтуынша, бір күн бұрын бала төсектен құлап кеткен. Дәрігерлер таңғыш қойып, амбулаториялық бақылауға жіберді. 17 қаңтарда сағат 11:35-те анасы баласымен қабылдау бөлімшесіне қайта оралып, онымен бірге тұратын ер адам қызын ұрып-соққанын айтты, – деді облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметінде.
Екі бұғанасының сынуынан басқа, қыздың қол-аяқтарында, іш қуысында және құлақтарда көптеген көгеру мен гематома бар екені анықталды. Облыстық полиция департаментінде бұл жағдайда қатысты түсінік берді.
– Денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, – деді департаментте.
Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева жәбірленушілермен кездесті.
– Тергеу мәліметтері бойынша, анасымен бірге тұратын ер адам екі жасар қызына дене жарақатын салған. Бала үйде дәрігерлердің бақылауында, – деді Сәуле Шәкенева.
Бұл жағдай Сәуле Шәкеневаның жеке бақылауында. Ол қыздың анасымен байланыста болатынын жеткізді.