Павлодарда есірткі тасымалдаған әйел ұсталды
Аталған фактігі қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері қала аумағында 31 жастағы әйелдің психоактивті заттарды тарататыны туралы жедел ақпарат алған. Полицейлер күдіктіні заңсыз заттардың кезекті партиясын тасымалдаған кезде ұстады. Ол бұдан әрі құпия жерлерге орналастыру мақсатында тыйым салынған заттарды интернетте сатып алғанын мойындады.
– Жеке тінту жүргізу кезінде әйелдің іш киімінен жиырма бес байлам жалпы салмағы 12,4 грамм синтетикалық зат тәркіленді. Аталған фактіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, – деді департаментте.
Полиция департаменті есірткі саудасы саласындағы қылмыстар немесе құқық бұзушылықтар туралы полицияға 102 телефоны арқылы хабарлауға немесе Police 102 қосымшасын пайдалануға болатынын еске салады.